
Сайрам ауданы Ақсукент ауылында орналасқан «Достық үйінде» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 5 қаңтар күні «Turkistan» газетіне берген сұхбатын кеңінен насихаттауға арналған мазмұнды кездесу өтті. Іс-шара «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысының сұхбатында көтерілген өзекті мәселелерді талқылау, ондағы негізгі ойлар мен басым бағыттарды қоғам арасында кеңінен түсіндіру, сондай-ақ ел дамуы жолындағы стратегиялық міндеттердің маңызын айқындау болды.

Жиынға «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов, Сайрам ауданы білім бөлімінің әдіскері Төлеп Садықов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, аудандық мәслихат депутаты Уалихан Дүйсенбаев, кәсіби медиатор Сайера Даванова, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшелері қатысты.
Мемлекет басшысының сұхбатында елдің ішкі және сыртқы саясаты, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, жастар тәрбиесі, білім беру саласын дамыту, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілік мәселелері кеңінен қамтылған. Бұл бағыттар – қазіргі кезеңде қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі басымдықтар.
Әсіресе, Президенттің білім мен ғылымға ерекше мән беруі – еліміздің болашағына салынған берік инвестиция екені анық. Білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана мемлекет бәсекеге қабілетті, ал қоғам тұрақты әрі тұтастығын сақтай алады. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының ой-тұжырымдары педагог қауым үшін де, жас ұрпақ үшін де аса маңызды.
Кездесу барысында қатысушылар Мемлекет басшысының сұхбатында айтылған бастамаларға қолдау білдіріп, оны қоғам арасында кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ел бірлігін сақтау мен қоғамдық келісімді нығайту жолында әрбір азаматтың жауапкершілігі жоғары екені ерекше айтылды.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбаты – ел дамуының алдағы кезеңдегі бағыт-бағдарын айқындайтын, қоғам үшін маңызды саяси-қоғамдық құжат деуге толық негіз бар. Мұндай мазмұнды кездесулер азаматтардың саяси мәдениетін арттырып, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуына ықпал етеді.
Сейдулла Айкозов,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Д. Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледждің директоры