
«Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 07161300 – «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатқан Автоэлектрик 9-232 тобының студенттері қорытынды демонстрациялық емтиханды сәтті тапсырды.
Емтихан студенттердің кәсіби даярлығын бағалауға арналған CIS (Competence Information System) жүйесі арқылы ұйымдастырылып, халықаралық WorldSkills стандарттарының талаптарына сәйкес өткізілді. Бұл формат білім алушылардың теориялық білімін тәжірибелік дағдылармен ұштастырып, нақты өндірістік ортаға бейімделу деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Қорытынды сынақ үш негізгі модуль бойынша жүргізілді:
•ELECTUDE платформасында автомобиль электр жабдықтары бойынша теориялық және интерактивті симуляциялық тапсырмаларды орындау;
•BANCHETTO оқу-өндірістік стендінде стартерлер мен генераторлардың жұмысын тексеру, техникалық жағдайын бағалау және ақауларын анықтау;
•FSA 740 диагностикалық кешені мен FCAR сканері арқылы автомобильдердің электрондық басқару жүйелеріне кешенді диагностика жүргізу.
Емтихан барысында студенттер электр жүйелерінің ақауларын анықтау, диагностикалау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын кәсіби деңгейде орындап, арнайы құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауда жоғары жауапкершілік танытты.
Бағалау комиссиясының қорытындысы бойынша білім алушылар өздерінің практикалық машықтары мен кәсіби құзыреттерін сенімді түрде көрсетті. Демонстрациялық емтихан нәтижелері олардың заманауи автоэлектрик мамандығының талаптарына сай дайындалғанын және болашақта еңбек нарығында білікті маман ретінде табысты қызмет атқаруға дайын екенін дәлелдеді.
Колледж ұжымы барлық студенттерді қорытынды емтиханды сәтті аяқтауымен құттықтап, алдағы кәсіби жолында толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейді.
