My CMS

Автоэлектрик мамандығы бойынша қорытынды демонстрациялық емтихан сәтті өтті

«Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 07161300 – «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» біліктілігін меңгерген АЭЛ 9-231 тобының студенттері қорытынды демонстрациялық емтиханды сәтті тапсырды.

Демонстрациялық емтихан CIS (Competence Information System) бағалау жүйесі бойынша өткізілді. Бұл жүйе WorldSkills халықаралық стандарттарына негізделген және студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын ортада бағалауға мүмкіндік береді.

Емтихан үш модуль бойынша ұйымдастырылды:

  • ELECTUDE – автомобильдің электр жабдықтарына арналған интерактивті оқу платформасында теориялық және симуляциялық тапсырмаларды орындау;
  • BANCHETTO стенді – стартерлер мен генераторлардың жұмысын тексеру, электр агрегаттарының техникалық жай-күйін бағалау және ақауларды анықтау;
  • FSA 740 диагностикалық кешені және FCAR сканері – автомобильдің электрондық басқару жүйелерін заманауи диагностикалық жабдықтар арқылы тексеру.

Емтихан барысында студенттер автомобильдің электр жүйелерін диагностикалау, ақауларды анықтау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын орындады. Сонымен қатар олар еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып, заманауи диагностикалық құралдар мен арнайы жабдықтарды тиімді пайдалану дағдыларын көрсетті.

Бағалау комиссиясы студенттердің кәсіби құзыреттіліктері мен практикалық машықтарын жоғары бағалады. Демонстрациялық емтихан нәтижелері олардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра алатынын, өндірістік міндеттерді сапалы орындауға дайын екенін және еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман ретінде қалыптасқанын айқын көрсетті.

Қорытынды емтиханның сәтті өтуі – студенттердің жүйелі еңбегінің, оқытушылардың сапалы даярлығының және колледждің заманауи материалдық-техникалық базасының нәтижесі болып табылады.

Прокрутить вверх