My CMS

Автоэлектрик мамандығы бойынша қорытынды демонстрациялық емтихан сәтті өтті

2026 жылғы 24–26 маусым аралығында «Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 07161300 – «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алатын, «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» біліктілігін игеріп жатқан АЭЛ 9-233 тобының студенттері қорытынды демонстрациялық емтихан тапсырды.

Демонстрациялық емтихан CIS (Competence Information System) бағалау жүйесі арқылы WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес ұйымдастырылды. Бағалаудың бұл форматы студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін нақты өндірістік жағдайға жақын ортада бағалап, олардың теориялық білімдерін тәжірибелік дағдылармен ұштастыру деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Емтихан үш негізгі модуль бойынша өткізілді:

  • ELECTUDE интерактивті оқу платформасында автомобильдің электр жабдықтары бойынша теориялық және симуляциялық тапсырмаларды орындау;
  • BANCHETTO стендінде стартерлер мен генераторлардың жұмысын тексеру, олардың техникалық жай-күйін бағалау және ақауларын анықтау;
  • FSA 740 диагностикалық кешені мен FCAR сканері арқылы автомобильдің электрондық басқару жүйелеріне кешенді диагностика жүргізу.

Емтихан барысында студенттер автомобильдің электр және электрондық жүйелеріне диагностика жүргізіп, ақауларды анықтау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын орындау бойынша кәсіби шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар олар диагностикалық құрылғылармен жұмыс істеу, өлшеу құралдарын тиімді пайдалану, техникалық құжаттамамен жұмыс жасау және өндірістік тапсырмаларды белгіленген талаптарға сай орындау дағдыларын дәлелдеді.

Практикалық жұмыстарды орындау кезінде білім алушылар еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру мен арнайы құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану мәдениетін жоғары деңгейде көрсетті.

Демонстрациялық емтихан жұмыстарына тәуелсіз сарапшылар мен бағалау комиссиясының мүшелері қатысып, студенттердің кәсіби даярлығын, техникалық сауаттылығын, жұмыстың сапасын, уақытты тиімді пайдалануын және практикалық машықтарын жан-жақты бағалады.

Қорытынды бағалау нәтижелері АЭЛ 9-233 тобының студенттері автомобильдің электр жабдықтарын диагностикалау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша қажетті кәсіби құзыреттерді толық меңгергенін көрсетті. Олар заманауи диагностикалық құралдармен жұмыс істей алатын, кәсіби міндеттерді өз бетінше орындауға қабілетті және еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман болуға дайын екендіктерін дәлелдеді.

«Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі» ұжымы АЭЛ 9-233 тобының студенттерін қорытынды демонстрациялық емтиханды сәтті аяқтауларымен құттықтап, алдағы кәсіби қызметтеріне мол табыс, жоғары жетістіктер мен жарқын болашақ тілейді!

Прокрутить вверх