My CMS

Автоэлектрик мамандығы бойынша қорытынды демонстрациялық емтихан сәтті өтті

2026 жылғы 24–26 маусым аралығында «Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 07161300 – «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» біліктілігін меңгеріп жатқан АЭЛ 11-251 тобының студенттері қорытынды демонстрациялық емтиханды сәтті тапсырды.

Емтихан CIS (Competence Information System) бағалау жүйесі негізінде, WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес ұйымдастырылды. Бұл формат студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін өндірістік ортаға барынша жақын жағдайда бағалауға мүмкіндік береді.

Емтихан үш негізгі модуль бойынша өткізілді:

ELECTUDE интерактивті платформасында автомобиль электр жабдықтары бойынша теориялық және симуляциялық тапсырмаларды орындау;

BANCHETTO стендінде стартерлер мен генераторлардың жұмысын тексеріп, ақауларын анықтау;

FSA 740 диагностикалық кешені мен FCAR сканері арқылы автомобильдің электрондық басқару жүйелеріне кешенді диагностика жүргізу.

Емтихан барысында студенттер автомобильдің электр жүйелерін диагностикалау, ақауларды анықтау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын кәсіби деңгейде орындады. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтап, заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарды тиімді пайдалана білді.

Бағалау комиссиясы студенттердің теориялық білімдері мен практикалық дағдыларының жоғары деңгейде екенін атап өтті. Қорытынды емтихан нәтижелері олардың кәсіби даярлығының сапалы екенін және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде жұмыс істеуге толық дайын екенін көрсетті.

АЭЛ 11-251 тобының студенттерін қорытынды емтиханды сәтті тапсыруымен құттықтаймыз! Алдағы еңбек жолында кәсіби жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз!

Прокрутить вверх