My CMS

Теориядан тәжірибеге: Автослесарь 9-231 тобы қорытынды емтиханнан жоғары нәтиже көрсетті

2026 жылғы 24–26 маусым аралығында «Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 07161300 – «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алатын Автослесарь 9-231 тобының студенттері 3W07161303 – «Автомобиль көлігін жөндеу шебері» біліктілігі бойынша қорытынды демонстрациялық емтиханнан өтті.

Демонстрациялық емтихан CIS (Competence Information System) бағалау жүйесі негізінде ұйымдастырылып, WorldSkills халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес өткізілді. Аталған емтихан форматы студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін өндірістегі нақты жұмыс жағдайына барынша жақын ортада бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, білім алушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби шеберлігі мен практикалық дағдыларының деңгейін анықтауға бағытталды.

Емтихан үш негізгі модуль бойынша ұйымдастырылды:

  • Daewoo Nexia автокөлігінің қозғалтқышын бөлшектеу және қайта жинау;
  • Беріліс қорабын бөлшектеу және жинау;
  • FSA 740 диагностикалық кешені мен FCAR сканері арқылы автомобильдің электрондық басқару жүйелерін диагностикалау.

Үш күнге созылған емтихан барысында студенттер автомобильдің қозғалтқышы мен агрегаттарын бөлшектеу және жинау жұмыстарын орындап, заманауи диагностикалық жабдықтарды қолдана отырып электрондық басқару жүйелеріндегі ақауларды анықтау және жою бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын орындау кезінде арнайы құрал-жабдықтарды тиімді пайдаланып, еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтай білді.

Демонстрациялық емтихан жұмыстарына тәуелсіз сарапшылар мен бағалау комиссиясының мүшелері қатысып, студенттердің кәсіби даярлығын, техникалық сауаттылығын, жұмыс сапасын, уақытты тиімді пайдалануын және өндірістік мәдениетін жан-жақты бағалады.

Бағалау қорытындысы бойынша Автослесарь 9-231 тобының студенттері өздерінің кәсіби білімдері мен практикалық машықтарының жоғары деңгейде қалыптасқанын дәлелдеді. Олар өндірістік міндеттерді өз бетінше орындауға, заманауи диагностикалық құралдармен жұмыс істеуге және автокөлікке техникалық қызмет көрсету мен жөндеу саласында еңбек етуге дайын екендіктерін көрсетті.

Қорытынды демонстрациялық емтихан – студенттердің бірнеше жыл бойы меңгерген білімдері мен тәжірибелерінің нәтижесін көрсететін маңызды кезең. Мұндай бағалау жүйесі жұмыс берушілердің талаптарына сай, бәсекеге қабілетті және білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

«Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі» ұжымы Автослесарь 9-231 тобының студенттерін қорытынды демонстрациялық емтиханды сәтті аяқтауларымен құттықтап, алдағы кәсіби қызметтеріне табыс, жаңа жетістіктер мен жарқын болашақ тілейді!

Прокрутить вверх