My CMS

WorldSkills колледжішілік байқауы

   Жеңіл автокөліктерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша үздіктер анықталды

Техникалық пәндер апталығы – колледжіміздегі студенттердің кәсіби дағдыларын көрсетуге арналған маңызды іс-шара. Осы апталық аясында 07161300 – Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығы бойынша ішкі кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты – студенттердің практикалық дағдыларын дамыту, кәсіби шеберлігін бағалау және олардың болашақта халықаралық конкурстарға дайын болуына жағдай жасау.
Байқау WorldSkills стандарттарына сәйкес модульдік жүйе бойынша өткізілді. Бұл студенттерді кәсіби біліктілікке бейімдеп, заманауи өндірістік талаптарға сай тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді. Байқау үш негізгі модульден тұрды:


1-модуль: Стартерді бөлшектеу, жинау және стендте тексеру
Бірінші модульде студенттер стартердің құрылысын, жұмыс принципін, бөлшектерін бөлшектеу және жинау қабілетін көрсетті. Сонымен қатар, стартерді стендте тексеру арқылы оның жұмыс сапасын анықтап, ақауларын табу міндеті қойылды. Бұл кезең студенттердің техникаға деген терең түсінігін, дәлдігін және практикалық ойлау қабілетін айқын көрсетті.
2-модуль: Генераторды стендте тексеру
Екінші модульде қатысушылар генератордың жұмысын тексеру тапсырмасын орындады. Генераторды стендте тексеру – электр жүйесінің дұрыс жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Студенттер әртүрлі диагностика құралдарын пайдаланып, ақауларды анықтады және оларды жою жолдарын ұсынды. Бұл кезеңде олардың техникалық сауаттылығы мен жылдам шешім қабылдау қабілеті байқалды.
3-модуль: Беріліс қорабын бөлшектеу, дефектациялау және жинау
Үшінші модуль студенттердің ең күрделі тапсырмасы болды. Беріліс қорабын бөлшектеу, ақауларын анықтау (дефектациялау) және қайта жинау процесі – дәлдік, сабыр және тәжірибелік дағдыларды талап ететін жұмыс. Студенттер беріліс қорабының әрбір бөлігінің рөлін түсіндіріп, дұрыс жинау тәртібін сақтай отырып, толық орындады.


Байқау барысында студенттердің практикалық білімін бағалау үшін оқытушылар мен сарапшылар қатаң критерийлер бойынша жұмыс жүргізді. Бағалау кезінде дағдылардың дәлдігі, тапсырманы орындау жылдамдығы, қауіпсіздік ережелерін сақтау және құрал-саймандарды дұрыс пайдалану басты критерийлер болды.
Байқау қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен студенттер арнайы сыйлықтар және грамоталар мен марапатталды.

Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық студенттер тәжірибелік дағдыларын нығайтып, өз кәсіби деңгейін арттырды.
Бұл іс-шараның маңызы – студенттердің техникалық салаға деген қызығушылығын арттыру, олардың кәсіби шеберлігін шыңдау және өндірістік практикаға дайындықтарын күшейту болып табылады. Әсіресе, WorldSkills модульдері бойынша ұйымдастырылған байқау студенттерге халықаралық стандарттармен танысуға мүмкіндік береді, бұл олардың кәсіби дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Болашақ автомеханиктердің кәсіби шеберлігін дамытуға бағытталған мұндай іс-шаралар колледж өмірінде маңызды орын алады. Студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, теориялық білімді іс жүзінде қолдану қабілетін дамыту және жаңа технологиялық шешімдерді меңгеру – олардың табысты маман болуына үлкен септігін тигізеді.
Қорытындылай келе, колледж ішілік байқау студенттердің практикалық дағдыларын көрсетуге, кәсіби шеберлігін арттыруға және техникалық саладағы болашақ мамандарға бағытталған маңызды педагогикалық құрал екенін көрсетті.

                                                                                                                                                                                                                                                Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық                                                                                                                                                                                                                                           колледжінің арнайы пән оқытушысы

Юлдашбеков Отабек

 

Прокрутить вверх