My CMS

“АДАЛ БІЛІМ – АДАЛ ҰРПАҚ” форумы өтті

 

2025 жылдың 9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнінде Астана қаласында орналасқан Maqsut Narikbayev University оқу ордасында білім беру жүйесінде академиялық адалдықты ілгерілетуге арналған “АДАЛ БІЛІМ – АДАЛ ҰРПАҚ” республикалық форумы өтті. Форумды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Академиялық адалдық лигасы бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен мемлекеттік органдардың басшылары, білім саласының жетекшілері, сарапшылары, ЖОО және колледж басшылары қатысты. Аталған форумға Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледждің директоры Сейдулла Ибадуллаұлы Айкозовта арнайы қатысып, орта және техникалық білім беру ұйымдарындағы академиялық адалдықты нығайту мәселелері бойынша тәжірибе алмасып, кәсіби ұстанымын білдірді.

Форумның ресми ашылуында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д.Жазықбай, Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ж.Сүлейменова құттықтау сөз сөйлеп, білім беру саласындағы ашықтық, әділдік және академиялық адалдық қағидаттарының маңыздылығын атап өтті.

Негізгі басқосуда Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық университетінің ректоры Н.Дулатбеков академиялық адалдықтың білім ұйымдарының беделіне және халықаралық рейтингтердегі орнына әсері туралы баяндама жасады.

Форум аясында Меморандум мен Жол картасына қол қою рәсімі өтіп, елдің оқу орындары арасында адалдық мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа серіктестік басталды.

Жиын екі бағыттағы панельдік сессиялармен жалғасты:
🔹 Жоғары білім беру жүйесінде академиялық адалдықты қамтамасыз етудің стратегиялық тетіктері
🔹 Орта және техникалық білім беру ұйымдарында академиялық адалдықты нығайту жөніндегі басқарушылық шешімдер

Сессияларда академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру, білім сапасын бақылаудағы жаңа тәсілдер, оқу үдерісінің ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша нақты ұсыныстар талқыланды.

Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледждің директоры Сейдулла Ибадуллаұлының форумға қатысуы – колледждің білім беру сапасын арттыру, академиялық мәдениетті нығайту және жаңашыл тәжірибелерді оқу процесіне енгізу бағытындағы маңызды қадам болып табылады.

Адал білім – сапалы ұрпақтың негізі!

 

Прокрутить вверх