My CMS

Чжэнчжоу қаласында халықаралық ынтымақтастық жолға қойылды

 

2025 жылдың 18–26 қазан күндері аралығында Түркістан облысының Білім басқармасының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары Қытай Халық Республикасының Хэнань провинциясына, атап айтқанда Чжэнчжоу қаласына, ресми іссапармен барды.

Бұл сапардың негізгі мақсаты — Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасының білім саласындағы ынтымақтастығын кеңейту, кәсіби-техникалық білім беру жүйесін дамыту бағытында тәжірибе алмасу, сондай-ақ халықаралық серіктестік байланыстарды нығайту болды.

Іссапар барысында қатысушылар Қытайдың бірқатар жетекші техникалық және кәсіптік оқу орындарында болып, оқу процесін ұйымдастыру, дуальді оқыту жүйесін енгізу тәжірибесімен танысты. Сонымен қатар, студенттерге арналған инновациялық зертханалар мен өндірістік шеберханалардың жұмыс барысын бақылап, материалдық-техникалық базаны жетілдірудің тиімді жолдарын қарастырды.

«Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің» директоры С. Айкозов сапар барысында Хэнань провинциясының Білім басқармасының Халықаралық қатынастар бөлімінің жетекшісі Ванмен мырзамен арнайы кездесті. Кездесу жылы және іскерлік жағдайда өтті.

Тараптар екі ел арасындағы білім саласындағы серіктестікті нығайту, оқу бағдарламаларын өзара үйлестіру, оқытушылар мен студенттер алмасу, сондай-ақ бірлескен ғылыми және инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар ортақ меморандум жобасын әзірлеу, сондай-ақ 2026 жылдан бастап студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын енгізу жөнінде уағдаласты.

Бұдан бөлек, қытайлық әріптестер Түркістан облысының колледждерімен бірлесіп, агротехника, цифрлық технологиялар және жасыл экономика салаларында бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ, екі елдің білім беру ұйымдары арасында онлайн семинарлар, тәжірибе алмасу алаңдары мен халықаралық шеберлік сабақтарын өткізу туралы нақты ұсыныстар қаралды.

Бұл сапар Түркістан облысы білім беру ұйымдарының халықаралық байланысын жаңа деңгейге көтеріп, шетелдік серіктестермен тұрақты қарым-қатынас орнатуға үлкен мүмкіндік берді.

Халықаралық тәжірибені игеру арқылы өңір колледждері өздерінің оқыту сапасын арттыру, заманауи әдістемелерді енгізу, және еңбек нарығының сұранысына бейімделген мамандар даярлау бағытында нақты қадамдар жасауда.

Бүгінде Түркістан облысы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде инновациялық даму, өндіріс пен білімнің интеграциясы басты басымдықтардың бірі болып отыр. Ал Қытай Халық Республикасымен орнатылған бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы достық пен өзара сенімді нығайтуға үлес қосатыны сөзсіз.

Чжэнчжоу қаласындағы сапар нәтижесінде Түркістан облысы делегациясы көптеген құнды тәжірибеге ие болды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Халықаралық серіктестік — білім сапасын арттырудың, кәсіби әлеуетті көтерудің және жаңа мүмкіндіктер ашудың маңызды құралы.

Прокрутить вверх