Мұғалім деген ат- қасиетті ат. Мұғалім деген аттан
таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады.
Елдің надандығымен алысатын адам мұғалім.
Сәбит Мұқанов.
Ұстаз!Мұғалім! Тәрбиеші!Бұл сөздердің төңірегінде қаншама мағына жатыр.Бұл сөздерді естігенімізде көңіліміз көтеріліп,көзімізге қуаныш ұялайды.Ұстаз,мұғалім атауы адамзат жаратылысынан бүгінгі күнге дейін өзінің мән-мазмұнын жоғалтпаған.Ұстаз-қарапайым,абзал жан,рухани бай тұлға.Ұстаздар бүкіл күш-қайратын, ақыл-ойын,білімі мен зейінін ,бойындағы мейірін шәкірттері үшін арнаған жандар. Ұлы ойшыл,данышпан- Әль-Фараби ұстаз жайлы: «Ұстаз…жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген,көрген,естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,ешнәрсені ұмытпайтын,алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі»-деп айтып кеткен.Олай болса,бұл мақалада мен «Қазіргі ұстаздар қауымының шынайы мәртебесі қандай ?»,күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғлімдер үшін қандай өзерістер әкелді? деген сұрақтар төңірегінде ой бөлісемін.Қазіргі таңда мұғалімнің елдің болашағын көркейтуде маңызды тұлға екендігін жалпы қоғам мойындап отыр.Ендеше,әлемде мыңға тарта мамандық болса да,білім мен тәрбиені дәл ұстаздай бере алмайтыны анық.
Кейінгі жылдары мұғалімдердің қоғамдағы орнын айқындау мен беделін көтеруде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан кейін мұғалімге деген көзқарас та,талап та өзгеруде. Мұғалімнің қазіргі жағдайы бұрынғыдан көп жақсарды.Олар:мұғалімдердің жалақысының көтерілуі,аз да болса,қағазбастылықтың азаюы.Ұстаздар қауымына қатысты айтылып жүрген мәселелердің шешім тапқаны көңілге медет.Ұстаз мәртебесінің артуы бір ғана министрлік мойнында емес.Бүкіл қоғам,отбасы болып ұстаз мәртебесінің жоғалмауына атсалысуымыз керек.
Мұғалімдік мамандықты таңдаған адамға ең алдымен қажет нәрсе тазалық.Тана Малайсары айтқан: «Ұят», «Борыш», «Обал» осы үш қасиет мұғалімнің бойына сіңу керек.Балаға дауыс көтеру –мұғалімнің әлсіздігі.Баланың бойына сенім қалыптастыру,бірақ менменшіл болмауға үйрету мұғалім парызы.Әр мұғалім психолог болуы қажет.45 минут-мұғалім үшін аса жауапты уақыт.Сол уақытта «Оқушыма не үйреттім?» деп күнде өз-өзіне есп беруі қажет.Әр баланың мінез құлқына арнайы күнделік жүргізсе, құба-құп болар еді.Менің әрекетім көрінбейтін жолдармен балаға жетіп жатыр деген ақиқатты әр кез мұғалім жадында ұстауы керек.Мұғалім балаша ойлап,балаша ойнап,солармен бірге қуанып,арадағы байланысты аса нәзіктікпен сақтаса міне,тәрбиенің тал бесігі осы болмақ.
Дамыған еліміздің әр сатысында мұғалім еңбегі байқалып отырады.Білімді ұстаз әрдайым шәкіртінің құрметіне ие болған.Негізінен ұстаз мәртебесі,оған құрмет көрсету бізге ежелден мұра болып келеді.Мысалы,Ескендір Зұлқарнайын –Аристотельді,Шәкәрім-Абайды,Жамбыл-Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан.Олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі зор екенін түсініп ,оларды пір тұтқан.Мәселен,Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін.Әкемнен өмірді алсам,Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым.» деп еске алатын болған екен.Сондықтан да,ұстазға құрмет-адамзатқа міндет.
Біздің байлығымыз –адам,ал ұлы Абай айтқандай: «Адамның адамшылдығы…жақсы ұстаздан болады.»Мұғалім өзінің өмір бойы жинақтаған білім мен біліктерді,дүниетаным,ойлау тәсілдері,ұлттың жаны,адами құндылықтарды жинақтап келешек ұрпаққа сіңіретін тұлға.Мұғалімнің мәртебесін көтермей ,оны құрметтемей,оның қиын да асыл жұмысын тиісті деңгейде қамтамасыз етпей,біз маңызды мақсаттарға жете алмаймыз.Сол себепті жаңашыл мұғалім қалыптастыру жолында педагог мәртебесін мейлінше көтеру құптарлық іс.
Уақыт өтіп көп нәрселер ұмытылады,бірақ шәкірт жүрегінде ұстаздан алған білім мәңгі сақталады.Өзім ұстаз болсам да ,маған тәлім берген ұстаздарымды еш ұмытқан емеспін,Серке Қожамқұлов айтқандай «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде,күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін.» Сол ұстаздарымның берген тәлімі мен олардың үлгілі насихаттарының арқасында ұстаздық жолымнан адаспай, солардың ізбасарлары болып келе жатқаныммен мақтанам!
Мемлекет тарапынан мұғалім мәртебесін көтеруге тиісті шаралар атқарылып жатса да,оны ары қарай дамыту қоғамның және ұстаздың өз қолында.Қазіргі заманның мұғаліміне қойылатын талаптар:мұғалім және көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға және маман иесі болу керек;мұғалімнің педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасуы тиіс;мұғалім білім негіздерін өз бетінше оқып,үйренуге,оқушыны бағалауға міндетті;мұғалім-педагогикалық үрдісте баламен ынтымақтаса қызмет етуі керек;педагог әр уақытта өз білімін толықтырып,шығармашылығын арттырып отыруға міндетті немесе француз педагогі Жубер айтқандай: «Оқыту деген екі есе оқу».
Мұғалімнің беделінің күшеюіне ата-аналар да тікелей ат салысу керек.Қазір көптеген ата-аналар балаларының сөзін сөйлеп,мұғалімдерді кемсітіп отырады.Бұл жерде олар мәдениеттілігін,саналылығын көрсетуі тиіс.Осы орайда менің ұсынысым-Ата-ана,оқушы,мұғалім қарым-қатынасы олардың тығыз байланыстылығы туралы Заң қабылданса нұр үстіне нұр болар еді.Ұстазбен бір күн ғана емес,күнделікті арақатынаста болғаны абзал.Жаңадан оқу орнын бітіріп келген жас маманға педагог қауымы да ,ата-аналар да қолдау көрсетсе,ұстаз да өз-өзін дамытып,білімін жетілдіріп отырса,бұл олқылықтың да орны толар.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сабақтастық пен әділет бастамасы-Қазақстан педагогтерінің жаңашыл,талапшыл,серпінді,бәсекеге қабілетті толқынын тездетіп тарих сахнасына шығаратынына сенімдіміз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ,мұғалім қашан да,қай уақытта да ұлы тұлға болып қала береді.Оған деген құрметіміз толастамаса, азаймайды.Оқушылар жүрегінен ойып тұрып орын алу,ұстаз деген атқа сын түсірмеу әрбір мұғалімнің өз қолында.Демек,мұғалім мәртебесін көтеру арқылы өз болашағымызды жарқын ете аламыз.
Расулметова Хулкар Мирзахановна
Д.Қонаев атындағы аграрлық –техникалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы