Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткен «WorldSkills Turkistan-2025» облыстық чемпионатында «Дәнекерлеу технологиялары» құзыреттілігі бойынша өз кәсіби шеберлігі мен біліктілігін жоғары деңгейде дәлелдеген «Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжі» МКҚК студенті Хайтматов Шахрузбек Арзиматұлы І дәрежелі дипломмен, арнайы медальмен және 50 000 (елу мың) теңгелік сертификатпен марапатталды.
Жеңіс тұғырына көтерілген студентімізге марапатты Түркістан облысының білім басқармасының басшысы А. Қасымбекова тарапынан салтанатты түрде табыс етілді.
Сонымен қатар, аталмыш жетістікке тікелей үлес қосқан өндірістік оқыту шебері Бахтияр Анартаев та кәсіби еңбегі мен шәкіртінің биік нәтижесі үшін арнайы марапатпен марапатталды.
Бұл – ұстаз бен шәкірттің табанды еңбегі мен өзара сенімге негізделген ынтымақты серіктестігінің жарқын жемісі.
Аталған жеңіс — білімге деген ұмтылыс пен қажырлы еңбектің, табандылық пен төзімділіктің нақты көрінісі. Бұл – колледжіміз үшін зор мақтаныш әрі барлық студенттерге үлкен шабыт пен сенім сыйлайтын ерекше оқиға.
Біз ұстазымыз бен шәкіртімізді шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, колледжіміздің абыройын асқақтата берулеріңізге тілектеспіз!
Әрдайым алда болайық! Жеңісті күндеріміз көп болсын!