Сидиков Эрмурат Халмуратович
«Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледж»
МКҚК арнайы пән оқытушысы
Кіріспе. Әлемнің озық елдерінде бүгінгі таңда табысты қолданылып келе жатырған дуалды оқыту жүйесі кәсіптік білім беру саласына батыл түрде еніп, жұмыстар басталып та кетті. Дуалды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – осы заманғы еңбек нарығындағы жедел өзгерістерге бейімделетін, бәсекеге қабілетті, өз мамандығын теориялық тұрғыдан ғана емес, тәжірибе жүзінде де толық меңгерген мамандар дайындау. Яғни бұл жүйенің негізі — оқу орны мен өндірісте қатар оқыту.
Дуалды оқыту – өзара табысты ынтымақтастықты дамыту, кәсіби білім беру мазмұнын арттыру және мамандарды заманауи өндіріс талаптарына сәйкес дайындау болып табылады.
«Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледж» 2016 жылғы 21 қаңтардағы №50 бұйрығымен дуалды оқытудың республика бойынша эксперименталды алаңына Түркістан облысындағы 25 колледждің бірі ретінде енді. Осыған орай біршама жұмыстар атқарылды. Ең бастысы жұмыс беруші серіктестермен байланыс жасау. Теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жоюда жұмыс берушінің үлесі зор болмақ. Осыған байланысты білім алушының мамандығы, бейіні мен біліктілігіне сәйкес келетін кәсіби даярлықты келісім-шарттар негізінде кәсіпорында жүзеге асыру қалыптасып келеді.
Қос бағытты білім беру жүйесі туралы Елбасы «Қазақстан — 2050» стартегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында таяудағы уақытта дуалдық, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек екендігі және келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттің кепілдендіруіне көшіруді қарастыру қажеттілігі нақты көрсетілген. Германия сияқты индустриясы дамыған елде дуалдық жүйемен жұмысшы маманды дайындау үлкен жетістіктерге жеткен. Елімізде дуалдық оқытуды жетілдіру үшін оқу орнының оқу-материалдық базасын үнемі жетілдіріп, жаңартып отыру, жаңа техника мен технологияларды енгізу, дуалдық оқыту жүйесін енгізуге қажетті әдістемелік көмек көрсету қажет. Ол үшін оқу орны басшылары мен қызметкерлерін біліктілік арттыру курстарынан өткізу қажет. Осы орайда колледждің өндірістік жұмыстары жөніндегі директор орынбасары А.Раймкулов 2013 жылдың 30 қыркуйегінен бастап 12 қазаны аралығында Стамбул/Түркияда өткен «Тренинг для преподавателей технического и профессионального образования» тақырыбындағы 72 сағаттық біліктілік арттыру курсынан өтіп, осы елдердің кәсіптік білім беру мекемелерінің, мамандандырылған оқу шеберханаларының, кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтарының жұмыс тәжірибесімен танысып қайтты.
Түркия еліндегі дуалды оқыту жүйесінің арқасында білім алушылар тек тәжірибеден өтіп қана қоймай, оқу орындарының мықты базаларында заманауи құрал-жабдықтармен нақты бір тапсырыстарды орындайды. Педагогтар мен өндірістік оқыту шеберлері оқушыларға толығымен сенім білдіріп, олар 2 курстан бастап өздері таңдаған мамандығының тәжірибелік дағдыларын меңгереді. Дуальды оқытуды қолданумен бірге техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламалары оқыту орындарындағы теориялық оқуды және ұйым базасында өндірістік оқыту мен практиканың кемінде 60 пайызын көздейді.
Кәсіпорындар жанындағы маманданған оқу орталықтары жұмыс жасайтын ірі өндіріс орындары өздеріне қажетті маман дайындауға ниетті және ол мемлекет тарапынан қолдауға ие. Кәсіптік білім саласындағы еуропалық озық тәжірибені Қазақстандық білім беру жүйесіне енгізуде осындай тәжірибе алмасулар, білім жетілдіру курстары өз жемісін берері сөзсіз.
(3W07230102 «Арнайы тігінші» топ студенттерінің
демонстрациялық емтихан тапсыру кезеңі )
Дуальды оқыту жүйесі мекемеге де, оқу орнына да және білім алушыларға да тиімді. Олай дейтініміз дуалды оқытудың ерекшелігі жұмыс беруші өзіне дайын маманды жұмысқа алады, оқу орны дайындаған кадрын жұмысқа орналастырады, ал бітіруші жас маман бірнеше жылдық оқу процесі мен тәжірибеден өту кезінде алған тәжірибесімен бәсекеге қабілетті, дайын маман ретінде өз орнын тауып, еңбек нарығындағы кадр жетіспеушілігін болдырмайды. Болашақ маманның өзіне деген сенімі мен жауапкершілігі артады, жұмыс таба алам ба деген қорқыныш болмайды, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы артады.
(3W07161303 «Автомобиль көлігін жөндеу шебері» топ студенттерінің демонстрациялық емтихан тапсыру кезеңі )
Қорытындылай келе, дуалдық оқыту жүйесі жұмыс берушілермен біріге отырып еліміздің эканомикасына қажетті кәсіби, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда оң нәтиже беретіндігі айқын. Сондықтан да әлемнің озық елдерінде табысты қолданылып келе жатқан осы жүйенің ұлттық моделін қалыптастыра отырып техникалық және кәсіптік білім беру практикасын жетілдіру – бүгінгі таңдағы басты міндетіміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауы. Егемен Қазақстан. 14.12.2012 жыл.
- Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Алматы, 2010.
- Базылқызы Г. Әлемдік тәжірибе: дуалды оқыту әдісі.http://i-news.kz/news/2013/02/21/6895375.html.