2026 жылғы 23–26 маусым аралығында «Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында 3W07150301 – «Токарь» біліктілігі бойынша білім алушы студенттердің қорытынды демонстрациялық емтиханы өтті.
Демонстрациялық емтихан студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін бағалауға бағытталып, WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес CIS (Competence Information System) бағалау жүйесі негізінде ұйымдастырылды. Емтиханның басты мақсаты – білім алушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, өндірістік орта жағдайында кәсіби даярлық деңгейін анықтау және практикалық дағдыларын жан-жақты бағалау.

Емтихан үш негізгі модуль бойынша өткізілді:
- Қауіпсіздік талаптарын сақтау және жұмыс орнын ұйымдастыру – еңбек қауіпсіздігі қағидаларын сақтау, жұмыс орнын талапқа сай дайындау және өндірістік мәдениетті қалыптастыру;
- Жабдықтарды дайындау және баптау – токарлық станокты жұмысқа әзірлеу, қажетті кескіш құралдарды таңдау, орнату және жабдықтың жұмыс параметрлерін дәл баптау;
- Бұйым жасау – техникалық сызбаға сәйкес бөлшекті токарлық өңдеуден өткізу, қажетті өлшем дәлдігін қамтамасыз ету және дайын бұйымның сапасын бақылау.
Емтихан барысында студенттер токарлық станокта әртүрлі технологиялық операцияларды орындап, техникалық сызбаларды оқып, сол бойынша бөлшектерді дайындау, өлшем дәлдігін сақтау, технологиялық үдерістің реттілігін қамтамасыз ету, кескіш құралдарды дұрыс таңдау және пайдалану бойынша кәсіби білімдері мен тәжірибелік дағдыларын көрсетті.

Сонымен қатар, білім алушылар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтай отырып, жұмыс орнын тиімді ұйымдастырып, өндірістік мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетті. Жұмыс барысында заманауи өлшеу құралдарын тиімді қолданып, дайындалған бөлшектердің сапасы мен өлшем дәлдігіне ерекше назар аударды.
Демонстрациялық емтихан жұмыстарын бағалау комиссиясы студенттердің кәсіби даярлығын, технологиялық талаптарды сақтауын, жұмыс сапасын, уақытты тиімді пайдалануын және практикалық машықтарының деңгейін жан-жақты бағалады. Сарапшылар студенттердің кәсіби міндеттерді орындауда жауапкершілік танытып, өндірістік жағдайда жұмыс істеуге қажетті құзыреттерді меңгергенін атап өтті.

Қорытынды бағалау нәтижелері білім алушылардың «Токарь» біліктілігі бойынша қажетті кәсіби құзыреттерді толық меңгергенін және заманауи өндіріс орындарында өз бетінше еңбек етуге дайын екендігін көрсетті.


Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі ұжымы демонстрациялық емтиханды сәтті тапсырған болашақ токарь мамандарын құттықтай отырып, олардың алдағы кәсіби қызметтеріне толағай табыс, жаңа жетістіктер мен жарқын болашақ тілейді!