Мен, Молайханова Нафиса Закиржановна, Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің химия мамандығы бойынша оқытушы және зерттеушімін. Қоршаған ортаны қорғау – бүгінде жаһандық деңгейде аса маңызды әрі өзекті мәселе. Әсіресе өндірістік қызметтің артуы, қалдықтардың көбеюі, атмосфераның ластануы және экожүйелердің бұзылуы бұл тақырыптың маңызын арттырып отыр. Болашақ мамандарға экологиялық мәдениетті қалыптастыру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі.
Қоршаған ортаны қорғаудың басты жолдарына мыналар жатады:
Ағартушылық және экологиялық тәрбие беру – жастардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Колледж деңгейінде экологиялық сабақтар, жобалар, арнайы семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру тиімді нәтиже береді.
Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру – тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау мәдениетін енгізу. Пластик, шыны, қағаз және органикалық қалдықтарды бөлек жинау арқылы қоршаған ортаға зиянды азайтуға болады.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану – күн, жел және су энергиясын қолдану арқылы табиғи ресурстардың сарқылуының алдын алуға болады. Бұл – экологиялық таза және болашаққа бағытталған шешім.
Ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстары – экожүйенің тепе-теңдігін сақтау үшін жасыл желек қорын молайту қажет. Бұл ауа сапасын жақсартуға, биоалуантүрлілікті сақтауға ықпал етеді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану – суды үнемді пайдалану, тұрмыста суды қайта қолдану жолдарын қарастыру – су тапшылығының алдын алу жолы.
Заңнамалық бақылауды күшейту – табиғатты қорғауға арналған заңдардың орындалуын қадағалау, экологиялық құқық бұзушылықтарға қатаң шара қолдану.
Зерттеуші ретінде мен қоршаған ортаға зиянды әсер ететін факторларды химиялық тұрғыдан зерттей отырып, экологиялық жағдайды жақсарту жолдарын ғылыми негізде ұсынуға тырысамын. Бұл бағытта студенттермен бірлескен жобалар жасап, тәжірибелік жұмыстар жүргізу – біздің білім ордамыздың негізгі бағыттарының бірі.
Қорытындылай келе, қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың, әрбір маманның борышы. Біз, оқытушылар мен зерттеушілер, осы міндетті саналы ұрпақ тәрбиелеу арқылы жүзеге асыра аламыз. Табиғат – адамзаттың ортақ үйі, оны қорғау – бәрімізге ортақ іс.