My CMS

«Токарлық – дәлдікті талап ететін өнер»


Мен, Абдувалиев Аббос Абдумаликович, Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің «Токарлық ісі» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысымын. Бұл салада бірнеше жыл еңбек етіп, өз тәжірибемде токарлық істің қаншалықты маңызды және жауапкершілікті талап ететін мамандық екенін терең түсіндім.
Токарлық – жай ғана металлды өңдеу емес, бұл – шыдамдылықты, ептілікті, дәлдікті және үздіксіз үйренуді талап ететін шеберлік. Жас мамандарға сабақ бере отырып, мен оларға тек құрал-жабдықпен жұмыс істеуді ғана емес, сонымен қатар еңбекке деген құрметті, ұқыптылықты, өз ісіне деген махаббатты да үйретуге тырысамын.
Токарь – бұл әрбір миллиметрді есептейтін, айналып тұрған дайындаманы мінсіз бұйымға айналдыратын маман. Бір қарағанда қарапайым көрінетін жону процесі – үлкен білім мен тәжірибенің нәтижесі. Себебі, әр бөлшек – күрделі механизмнің ажырамас бөлігі, ал оның сапасы тұтастай құрылғының жұмысын анықтайды.
Бүгінгі күні өндіріс заманауи технологиялармен жабдықталып келеді. Сол себепті біз де студенттерімізге сандық басқарылатын станоктармен (ЧПУ) жұмыс істеуді үйретіп, жаңа технологияларды меңгеруге бағыттаймыз. Бұл – бәсекеге қабілетті, кәсіби шебер маман даярлаудың басты талабы.
Қорытындылай келе, токарлық ісі – мен үшін тек мамандық емес, бұл – өмірлік таңдаған жолым, өз шеберлігімді жас ұрпаққа үйретудің мағынасы мен мақтанышы. Еңбекті қадірлейтін, сапаға мән беретін, үнемі ізденетін маман ғана нағыз токарь бола алады деп есептеймін.

Прокрутить вверх