Мен, Раимов Бегзод Дилмуратович, «Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің» ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша өндірістік оқыту шеберімін.
Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді тиімді орындау үшін өндірістік оқыту шебері мен студенттердің бірлесіп жұмыс істеуіне негізделген тәсілдер жиынтығы. Әдістер арқылы оқу мақсаты жүйелі түрде іске асырылады. Оқыту әдістері студенттердің танымдық белсенділігін арттырып, олардың ақыл-ой қабілеттерін дамытады, ізденуге және жаңа білімді терең түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең бастысы – студенттердің белсенді танымдық әрекеті. Әдістер теория мен тәжірибенің байланысын нығайтып, нақты білім алуға мүмкіндік береді.
Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Ол сабақ жоспарын хабарлау, студенттердің назарын сабаққа аудару, өндірістік оқыту шебері көрсеткен іс-қимылдарды қайталау, ақыл-ой жұмыстары сияқты түрлі аспектілерді қамтиды. Тәсілдер оқу материалын түсінуге көмектеседі және студенттердің өз бетімен білім алуына ықпал етеді.
1. Интерактивті дәріс
Өндірістік оқыту шебері студенттерге жаңа тақырып бойынша мәтіндер мен тапсырмалар дайындайды. Әр топқа берілетін мәтін нақты және практикалық жұмысқа бағытталған болуы керек. Сабақ барысында студенттер топ ішінде бір-біріне көмектесіп, тақырыптың мәнін түсінеді. Олар түсініксіз жерлер бойынша сұрақтар қойып, бірлесіп талқылайды. Егер топ мүшелері сұрақтарға жауап таба алмаса, онда ғана шебер көмекке келеді.
Мәтінмен жұмыс аяқталған соң студенттер жеке тапсырмалар орындайды. Бұл кезеңде бір-бірінен сұрауға немесе көмектесуге рұқсат етілмейді – әр студент тапсырманы дербес орындайды.
Бұл әдістің басты ерекшелігі – бағалау жүйесінің салыстырмалы түрде жүргізілуі. Яғни, студенттердің нәтижелері алдыңғы тапсырмамен салыстырылады. Алдыңғы тапсырмадан жоғары ұпай жинаған топ жеңімпаз атанады.
Осылайша, интерактивті әдістер мен топтық жұмыс студенттердің белсенділігін арттырып, олардың білім алу процесін қызықты әрі тиімді етеді.