My CMS

«Студенттердің физикалық белсенділігін арттырудағы инновациялық әдістер»


Мен, Сарманов Жаъсур Камилжанович, Д. Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінің дене шынықтыру пәні оқытушысымын. Өз ісімді үлкен жауапкершілікпен атқара отырып, студенттердің денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және олардың физикалық белсенділігін арттыру жолында үнемі тиімді әдіс-тәсілдерді іздестіремін. Заманауи білім беру жүйесі жаңашылдықты талап етеді. Осыған орай, дене тәрбиесі саласында да инновациялық әдістерді қолдану – уақыт талабы.
Бүгінгі студент – технологиямен тығыз байланысты, креативті ойлайтын жаңа буын. Олармен нәтижелі жұмыс істеу үшін дәстүрлі әдістермен қатар, цифрлық құралдарды, ойын элементтерін, командалық жұмыстарды, интерактивті платформаларды кеңінен қолдану қажет. Менің тәжірибемде төмендегідей инновациялық әдістер оң нәтиже беріп келеді:
1. Мобильдік қосымшалар арқылы жаттығуларды орындау және бақылау – бұл әдіс студенттің өзіндік жұмысын ынталандырып, сабақтан тыс уақытта да белсенді болуына әсер етеді.
2. Спорттық флешмобтар мен челлендждер ұйымдастыру – жастар арасында белсенділік пен қызығушылықты арттыратын тиімді тәсіл.
3. Топтық жарыстар мен квест-ойындар – серіктестік пен көшбасшылық қабілеттерін дамыта отырып, командалық рух қалыптастырады.
4. Жобалық және шығармашылық жұмыстар – студенттерге өз денсаулығына қатысты жобалар жасап, оны таныстыру арқылы жеке жауапкершілік пен қызығушылықты дамытамыз.
5. Кері байланыс пен марапаттау жүйесі – студенттердің жетістігін атап, белсенділерді ынталандыру арқылы мотивацияны арттыру – маңызды аспект.
Инновациялық тәсілдердің басты мақсаты – студентті белсенді қимыл-қозғалысқа баулу ғана емес, оны дене шынықтыру мәдениетіне, өзін-өзі дамыту мен шыңдауға тәрбиелеу. Менің ұстанымым – әрбір студент денсаулығын нығайтып қана қоймай, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылуы қажет.
Болашақ мамандардың физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын, салауатты өмір салтын ұстанатын, сергек те шымыр болып өсуі – біздің ортақ мақсатымыз. Сондықтан да дене шынықтыру пәні арқылы тек денені емес, ерік-жігерді де шынықтыру – менің басты ұстанымым.

Прокрутить вверх