Бүгінгі білім беру жүйесінде басты басымдық – тек білім беру емес, сонымен қатар білім алушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру болып отыр. Соның ішінде математикалық сауаттылық – кез келген кәсіби маман үшін аса маңызды құзыреттілік. Мен, Абубакирова Хурматай Анархановна — Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінің математика пәнінің оқытушысы ретінде, студенттерімнің тек формулаларды жаттап қоймай, математикалық ойлауды меңгеріп, алған білімін нақты өмірде қолдана алатын деңгейге жетуін басты мақсат етіп қоямын.
Математикалық сауаттылық дегеніміз – бұл адамның күнделікті өмірінде, оқуында немесе болашақ мамандығында кездесетін мәселелерді математикалық тәсілдермен шешу қабілеті. Бұл – есеп шығару ғана емес, бұл – логикалық ойлау, талдау, салыстыру, үлгілеу, дәлелдеу және қорытынды шығару деген сөз. Студент осы дағдыларды меңгергенде ғана нағыз сауатты, жан-жақты дамыған маман болып қалыптасады.
Сабақта әртүрлі әдістерді пайдалану арқылы студенттердің танымдық қызығушылығын оятуға тырысамын. Мысалы, практикалық бағыттағы есептер, өмірмен байланысты тапсырмалар, интерактивті жаттығулар, топтық жобалар – бұлардың барлығы студенттің пәнге деген көзқарасын өзгертеді. Жай ғана есеп емес, нақты өмірлік жағдайды талдау, шешу жолдарын іздеу – бұл білім алушылардың бойында математикалық сауаттылықты қалыптастырады.
Сонымен қатар, цифрлық ресурстарды – GeoGebra, Desmos, LearningApps, Kahoot және Quizizz секілді платформаларды қолдану арқылы білім беру үдерісін жеңілдетіп, қызықты ете аламын. Бұл студенттердің мотивациясын арттырып, оларды белсенді оқытуға ықпал етеді.
Тағы бір маңызды бағыт – оқушыларды топпен және жұппен жұмыс жасауға бейімдеу. Себебі пікір алмасу, ой бөлісу, бір-біріне түсіндіру арқылы олар тереңірек түсініп, өз білімдерін жетілдіреді. Осындай ынтымақтастыққа құрылған ортада ғана шынайы білім қалыптасады.
Математика пәнінің басты миссиясы – саналы, ойлай алатын, дәлелдей білетін, шешім қабылдай алатын тұлға тәрбиелеу. Ал бұл үшін тек білім беру жеткіліксіз – білім алушының математикалық мәдениетін, сауаттылығын дамыту қажет. Сондықтан әр сабағымды терең мағыналы, өмірмен тығыз байланысты етуге тырысамын.
Менің басты ұстанымым – әр студент өз әлеуетін толық аша алатын ортада, сенім мен қолдауға негізделген білім беру үрдісінде ғана шынайы білімге қол жеткізе алады. Математика – күрделі ғылым болғанымен, оны түсіндіру – жан-тәніңмен берілген мұғалімнің қолынан келеді деп сенемін.