My CMS

Сабақ барысында қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер

Бүгінгі таңда білім берудің басты мақсаты – заман талабына сай, қоғам сұранысына ие білікті маман даярлау. Бұл мақсатқа жету үшін оқытушы студенттерді тек теориялық біліммен ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдылармен де қаруландыруы қажет. Осыған байланысты әрбір мұғалім сабағын тиімді ұйымдастырып, оқушылардың қызығушылығын арттыратын әдіс-тәсілдерді қолдануы тиіс.

Сабақтың қызықты өтуі мен студенттердің белсенділігін арттыру үшін түрлі оқыту әдістерін пайдалану маңызды. Қызығушылықты ояту әдісі – сабақтың басында оқушылардың назарын аударып, олардың белсенді қатысуына ықпал ететін тәсіл. Бұл әдісті қолдану үшін мұғалім әртүрлі ойындар, сұрақтар, танымдық тапсырмалар немесе бейнематериалдарды пайдалана алады. Мұндай тәсілдер оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға және сабаққа деген ынтасын арттыруға көмектеседі.

Әңгімелесу әдісі – оқушылардың өз ойын ашық айтып, пікірін білдіруіне мүмкіндік береді. Бұл әдіс арқылы олар өз көзқарастарын жеткізуге, талдау жасауға дағдыланады.

Жобалау әдісі – студенттердің белгілі бір тақырып бойынша зерттеу жүргізіп, өз идеяларын нақты нәтижеге айналдыруына көмектеседі. Бұл олардың өз бетімен іздену, шығармашылық және аналитикалық ойлау дағдыларын қалыптастырады.

Сұрақ-жауап әдісі – оқытушының оқушыларға сұрақтар қоюы арқылы оларды белсенді ойлауға жетелеу тәсілі. Бұл әдіс сабақ барысында кері байланыс орнатып, оқушылардың түсінігін бағалауға мүмкіндік береді.

Практикалық әдіс – оқушыларға нақты тапсырмалар беріліп, оларды орындау барысында теория мен практиканы байланыстыру көзделеді. Бұл тәсіл студенттердің өздігінен шешім қабылдауына, кәсіби дағдыларын дамытуына ықпал етеді.

Топтық жұмыс әдісі – оқушылардың бірлесіп жұмыс істеуіне, тапсырмаларды бірге орындауына бағытталған. Бұл олардың ынтымақтастық қабілеттерін дамытып, жауапкершіліктерін арттырады.

Өндірістік сабақ барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер

Өндірістік оқытуда теорияны тәжірибемен ұштастыру аса маңызды. Осы мақсатта келесі әдіс-тәсілдер қолданылады:

Қадамдық көрсету әдісі – жұмыс процесін немесе техникалық операцияларды кезең-кезеңімен түсіндіру. Бұл әдіс студенттерге нақты іс-әрекеттерді ретімен орындауды үйретеді.

Шеберлік сағаты әдісі – оқытушы студенттерге белгілі бір қолөнер немесе өндірістік жұмыс түрлерін нақты мысалдар арқылы көрсетіп, тәжірибесін бөліседі. Мысалы, ағаш өңдеу, металды ию, тігін жұмыстарын орындау сияқты дағдыларды меңгеруде бұл әдіс өте тиімді.

Осы әдіс-тәсілдерді жүйелі түрде қолдану арқылы біз заман талабына сай, сұранысқа ие білікті жұмысшы мамандарды даярлай аламыз.

Өндірістік оқыту шебері: Исмаилов Иристай

Прокрутить вверх