My CMS

Сабақ барысында қолданатын тиімді әдіс-тәсілдерім.

Биология – бұл тек ғылым ғана емес, ол – өмірдің мәнін, табиғат пен тіршіліктің заңдылықтарын тануға жол ашатын терең пән. Сондықтан мен, Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің биология пәнінің оқытушысы Исамтаева Нигора Абдулазизовна, алдыма қойған негізгі мақсатым – студенттердің пәнге деген қызығушылығын оятып, оларды өздігінен ойлануға, зерттеуге баулу.
Сабақ барысында жиі қолданатын әдістерімнің бірі – топтық жұмыс. Бұл тәсіл оқушылардың бірлесе әрекет етуіне, өзара пікір алмасуына, бір-бірінен үйренуіне мүмкіндік береді. Топтық жұмыс – жауапкершілікті сезінуге, өз ойын еркін жеткізе білуге жол ашады.
Сонымен қатар, жаңа тақырыпты бастау кезінде «Миға шабуыл», «Ойлан – жұптас – бөліс» сияқты әдістер өте тиімді. Бұл тәсілдер оқушылардың бұрыннан бар білімін еске түсіріп, жаңа тақырыпқа деген қызығушылығын арттырады. Ал «Венн диаграммасы», «Қызықты сұрақтар», «Серпілген сауал» секілді әдістер сабақты жандандырып, студенттердің сыни және логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға көмектеседі.
Биология – бақылау мен тәжірибеге негізделген пән. Сондықтан практикалық жұмыстар мен зертханалық тәжірибелер маңызды рөл атқарады. Мысалы, микроскоппен жұмыс істеу, өсімдіктер мен жануарлардың құрылымын зерттеу, түрлі тәжірибелер жүргізу арқылы студенттер білімді тек теория жүзінде емес, шынайы өмірмен байланыстыра отырып меңгереді.
Сабақтарымда цифрлық технологияларды да белсенді түрде қолданамын. Анимациялар, қысқаметражды бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар – оқушылардың назарын аударып, ақпаратты көзбен көріп, құлақпен есту арқылы жақсы меңгеруіне ықпал етеді.
Мен үшін әрбір сабақ – студенттермен бірге жасалатын қызықты зерттеу сапары. Бұл сапарда тиімді әдіс-тәсілдер – менің сенімді компасым. Олар оқушылардың тек білім алуына ғана емес, өмірлік дағдыларды да меңгеруіне септігін тигізеді: өз ойын еркін жеткізу, топта жұмыс істеу, талдау жасау, шешім қабылдау.
Қорытындылай келе, сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдердің алуан түрлілігі – оқу үдерісінің тиімділігін арттырудың маңызды тетігі. Мен үшін оқыту – тек білім беру емес, бұл – шабыттандыру, қолдау көрсету және зерттеуге ынталандыру. Сондықтан әр сабағымды мазмұнды, тартымды әрі нәтижелі өткізуге әрқашан тырысамын.

Прокрутить вверх