Қазіргі заманғы білім беру жүйесі терең жаңғыру кезеңін бастан өткеріп отыр. Бұл өзгерістер, әсіресе, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытуда ерекше көрініс табуда. Мен, Исмоилов Собиржон Маъмурданович Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінің математика пәнінің оқытушысы ретінде, білім алушыларға заманауи әдістер мен технологияларды қолдана отырып, пәнді терең әрі қызықты түрде меңгертуге тырысамын.
Математика – тек қана есеп-қисап емес, ол – логика, дәлдік, жүйелілік және шығармашылық ойлау. Осы қасиеттерді жастардың бойына сіңіру үшін оқыту үдерісінде түрлі әдіс-тәсілдерді қолданамын. Соның ішінде ең тиімді деп санайтыным – проблемалық оқыту, жобалық әдіс, АКТ-ны қолдану, ойын элементтері, коллаборативті оқыту және рефлексия әдістері.
Мәселен, сабақ барысында интерактивті тақта, GeoGebra, Desmos, Kahoot сияқты цифрлық ресурстарды жиі қолданамын. Бұл құралдар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың дербес ойлау, сараптау, талдау дағдыларын дамытады. Әрбір жаңа тақырыпты өмірмен байланыстыру арқылы қолданбалы сипатта түсіндіруге тырысамын. Өйткені студенттердің көбі техникалық мамандықтарға дайындалуда, ал олардың болашақ қызметінде математикалық білімнің практикалық маңызы зор.
Сонымен қатар, студенттерді топпен, жұппен жұмыс істеуге, өз пікірлерін еркін білдіруге, түрлі есептерді талқылауға дағдыландыру – сабақтағы басты мақсаттарымның бірі. Мұндай жұмыс формалары – студенттердің коммуникативтік және критикалық ойлау қабілеттерін дамытады. Сабақ соңында міндетті түрде рефлексия жүргізіп, студенттердің өз оқу жетістіктерін бағалауға мүмкіндік беремін.
Математиканы оқытудың заманауи әдістері мен технологиялары білім сапасын арттырумен қатар, студенттердің танымдық белсенділігін көтереді, пәнге деген қызығушылығын оятады және оларды өз бетімен ізденуге жетелейді. Мен үшін бұл – нағыз оқытушының миссиясы.
Мұғалімнің кәсіби шеберлігі – тек білім беру емес, сонымен қатар оқушының жүрегіне жол таба білу. Ал математика арқылы біз жастардың саналы, білімді, логикалық ойлауға қабілетті тұлға болып қалыптасуына ықпал ете аламыз.