My CMS

Дене шынықтыру сабағында волейбол элементтерін оқыту әдістемесі

Мен, Расулметов Ирисмахаммат Ибраимжанович, Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінің
дене шынықтыру пәні оқытушысы ретінде білім алушылардың денсаулығын нығайту, физикалық дамуын арттыру және спортқа деген қызығушылығын ояту жолында қызмет етемін. Өз тәжірибемде дене шынықтыру сабағында волейбол ойынының элементтерін оқытудың маңызы зор екенін байқадым. Волейбол – тек ойын ғана емес, ол тәртіпке, ұйымшылдыққа, төзімділікке тәрбиелейтін спорт түрі.
Сабақ барысында мен волейболды оқытуды кезең-кезеңмен жүргіземін. Ең алдымен, оқушыларды ойынмен таныстырып, негізгі ережелерін, қауіпсіздік шараларын түсіндіремін. Кейіннен ойын элементтерін үйретуге көшемін. Бұл кезеңде допты қабылдау, пас беру, шабуыл соққылары мен тосқауыл қою сияқты негізгі техникалық жаттығуларды меңгертемін. Жаттығуларды оңайдан күрделіге қарай ұйымдастыру – оқушылардың ойынға қызығушылығын арттырып, біртіндеп дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.
Волейбол сабағында жұптық және топтық жұмыс әдістерін жиі қолданамын. Бұл әдіс оқушылардың өзара байланысын нығайтып, ұжыммен жұмыс істеу дағдысын дамытады. Сонымен қатар, әр сабақта қозғалыс белсенділігі жоғары болуына назар аударамын. Эстафеталық жаттығулар мен жарыс элементтері арқылы оқушылардың қызығушылығын оятып, олардың бойында жеңіске деген ұмтылыс пен жауапкершілікті қалыптастыруға тырысамын.
Әр оқушының қабілеті әртүрлі болғандықтан, сараланған оқыту тәсілдерін де қолданамын. Қабілеті төмен оқушыларға қолдау көрсетіп, қарапайым жаттығулардан бастасам, ал физикалық дайындығы жоғары оқушыларға күрделі тапсырмалар беремін. Бұл әдіс арқылы әр оқушы өз қарқынымен дамып, сенімділікпен ойнауға мүмкіндік алады.
Сабақ соңында міндетті түрде рефлексия ұйымдастырып, оқушылардан кері байланыс аламын. Бұл – келесі сабақтың тиімділігін арттыруға, оқу үрдісін жетілдіруге септігін тигізеді.
Қорытындылай келе, дене шынықтыру сабағында волейбол элементтерін оқыту – тек қана техникалық дағдыны емес, сонымен қатар тәрбие мен ынтымақтастықты дамытатын үдеріс. Өз ісіме деген сүйіспеншілігім мен жастардың дені сау, белсенді азамат болып өсуіне қосар үлесім – менің басты мақсатым. Алдағы уақытта да білім алушыларды спортқа баули отырып, олардың жан-жақты дамуына өз үлесімді қоса бермекпін.

Прокрутить вверх