Мен, Ахмедова Нигора Равшанбековна, Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істеймін. Менің мамандығым – тігінші. Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің басты мақсаты – студенттердің шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту және олардың еркін шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру. Бұл мақсаттарға жету үшін сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану маңызды.
Тігінші мамандығының оқытушысы ретінде мен сабақтарды сапалы әрі қызықты өткізу үшін түрлі оқыту әдістерін қолданамын. Солардың ішінде ең жиі пайдаланатыным – жобалық оқыту әдісі. Бұл тәсіл оқушылардың практикалық дағдыларын жетілдіріп, алған теориялық білімдерін нақты жағдайда қолдануға мүмкіндік береді. Мысалы, заманауи тігін машиналарын меңгеру барысында студенттер топтық жұмыс жасап, нақты жобалар әзірлейді және нәтижелерін талдайды. Бұл әдіс олардың ұжымда жұмыс істеу қабілетін дамытып, жауапкершілік пен шығармашылық көзқарасты қалыптастырады.
Сонымен қатар, дәстүрлі оқыту әдістері де сабақтың маңызды бір бөлігі болып табылады. Әсіресе, теориялық материалды түсіндіру кезінде дәріс және сұрақ-жауап әдістерін қолдану тиімді. Дәріс барысында негізгі ұғымдар мен терминдер түсіндіріліп, студенттердің материалды толық меңгеруіне жағдай жасаймын. Сұрақ-жауап әдісі арқылы олардың ойлау қабілетін белсендіруге, пікірлерін еркін білдіруге және пәнге деген қызығушылығын арттыруға тырысамын.
Оқушылар алған білімдерін іс жүзінде қолданып, түрлі фасондағы киімдер тігіп үйренуде. Сонымен қатар, олар бірнеше сән коллекцияларын әзірлеп, шығармашылық байқауларға қатысып келеді. Атап айтқанда, «Сайрам таланттары – 2024» аудандық өнер фестивалінде ұлттық және заманауи киім үлгілерінің байқауына қатысып, арнайы дипломдармен марапатталды.
Өзім де кәсіби біліктілігімді үнемі жетілдіріп отырамын. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы ұйымдастырған Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің арасындағы «Сән технологиясы», «Сәндік қолөнер» ресурстық орталығы құзыреттілігі бойынша өткен «Үздік сәнгер» байқауында «Үкілі кәмшат» номинациясымен марапатталдым. Сондай-ақ, мен дайындаған студент Иристаева Дурдона «WorldSkills Turkestan – 2023» облыстық чемпионатына қатысып, «Алғыс хат» және медальонмен марапатталды.
Алдағы мақсатым – білім алушыларды кәсіби білікті, білімді маман етіп даярлау. Оларды еңбек нарығында бәсекеге қабілетті ету үшін сапалы білім беруге және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бар күшімді саламын.