My CMS

Колледж оқытушыларының инновациялық әдістері

Мен, Якупова Нодира, Д. Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінде арнайы пәндер оқытушысы болып қызмет атқарамын. Менің педагогика саласын таңдаудағы басты себептерімнің бірі – зиялы қауым ортасында өсіп, білім мен мәдениеттің маңызын терең түсінуім. Сонымен қатар, өзім шығармашылыққа жақын адам болғандықтан, сабақ беру барысындағы негізгі мақсатым – әрбір білім алушыға терең білім мен мәдени құндылықтардың негізін беру, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау және сапалы біліммен қамтамасыз ету.

Инновациялық оқыту әдістерінің маңызы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Бұл бастама қоғамда адал еңбекті дәріптеп, кәсіби мамандардың маңыздылығын арттыруға бағытталған. Осы тұрғыда, біздің колледж – жұмысшы мамандықтарын дайындайтын оқу орны болғандықтан, бізге қойылатын талап та, сенім де жоғары.

«Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша «тігінші», «арнайы тігінші» мамандықтары технологиялық білімдерді, шығармашылық шеберлікті жоғары деңгейде меңгеруді талап етеді. Сондықтан сабақ барысында келесі инновациялық әдістерді қолданамын:

Түсіндірмелі оқыту – оқу материалын жүйелі түрде баяндап, білім алушылардың түсінуіне жағдай жасау.

Проблемалық оқыту – студенттерге нақты мәселелерді шешуге бағытталған тапсырмалар беру арқылы олардың сыни ойлау қабілетін дамыту.

Модульдік оқыту – оқу материалын тақырыптық модульдерге бөліп, білімді кезең-кезеңімен меңгерту.

Шығармашылық білім беру – білім алушылардың өзіндік ізденісін арттырып, шығармашылық қабілетін дамыту.

Педагогикалық шеберхана – студенттердің тұлғалық ерекшеліктерін ашуға, олардың еркін әрекет етуіне, шығармашылық дағдыларын дамытуға ықпал ететін технология.

Жаңа технологиялардың рөлі

Кәсіптік білім беру – жас ұрпақты қоғам талабына сай, өз мамандығының жоғары деңгейдегі маманы ретінде тәрбиелеуді көздейді. Бұл үлкен жауапкершілік пен еңбек талап ететін процесс. Мысалы, педагогикалық шеберхана технологиясы білім алушының еркін әрекет етуіне, оның тұлғалық ерекшеліктерін дамытуға және шығармашылық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

«WorldSkills» чемпионатына студенттерді дайындау барысында ақпараттық технологияларды ұтымды пайдаланып, мультимедиялық бөлмелерде белсенді жұмыс жүргіземіз. Бұл әдіс студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға көмектеседі.

Білім беру мақсаты мен нәтижелері

Біздің студенттеріміз оқу барысында мынадай маңызды бағыттарды меңгереді:

1. Оқып-үйрену – жаңа білімді игеру.

2. Меңгеру – алған білімдерін тәжірибеде қолдану.

3. Өмірге енгізу – мамандықтарына сәйкес білімдерін іс жүзінде пайдалану.

4. Даму – кәсіби және тұлғалық дамуға жету.

 

Осылайша, инновациялық әдістерді қолдану арқылы студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеміз.

Прокрутить вверх